Биыл қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Бірақ, бұл той бұрынғы тойдан өзгерек. Өйткені, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл мерейтой маңыздылығын аңғарып өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялады. Аталмыш мақала мерейтой барысында жыл бойы атқарылатын іс-шараларға бағыт-бағдар беруші міндетін атқарумен қатар, Абай шығармаларының еліміздің рухани жаңғыруындағы алар орнын айқындап берді. Осы орайда Президенттің ақын Абайға деген айқын ықыласын өткен жылғы қарапайым мектеп оқушысы ақын өлеңін оқып жолдаған эстафетасын қабыл алып әрі қарай бүкіл елге жалғасын табуына қосқан үлесінен де аңғаруға болады. Осы жерде Абай шығармаларынан үзінді оқу эстафетасын Тараз қаласындағы № 9 орта мектептің ұстаздары мен оқушылары да қабыл алып, ұлы ақынның шығармашылығын дамытуға теңізге қосқан тамшыдай болса да үлесін қосқанын айта кетсек. Өйткені, қазақтың аса көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының шығармалары – ұлтымыздың рухани дүниесіндегі шоқтығы биік қайталанбас дара туындылар. Абай шығармаларын оқу, білу, тану, жаңғырту, насихаттау – берісі исі қазақ баласы, арысы түрік тектес ұлыстар үшін де тарихи борыш. Абайдың артына қалдырған мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын тағылымы мол сарқылмас бай қазынасы.«Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе,
Адамдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге» –
деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай Абай шығармалары еліміздің әрбір азаматының рухани кемелденуіне шамшырақ іспетті бағыт береді. Осы орайда Президент өз мақаласында: «...мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» – деп ақынның мерейтойының елдің рухани дамуына қосар үлесін айқындап өтті. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының алға қойып отырған міндеттерін № 9 орта мектептің ұстаздары өздеріне артылған үлкен жауапкершілікпен қабылдай отырып, Абай Құнанбайұлының артында қалған бай қазынаны дәріптеу және оны жас ұрпақтың бойына сіңіру ең алдымен өздерінің, яғни ұстаздар қауымының парызы деп біледі.
Тараз қаласы, № 9 орта мектеп директоры
Жанузакова Салтанат Аскаркызы
